Іле-Балқаш деградациясы
Арал теңізінің апатынын кейін посткеңестік елдер аумағындағы ең ірі ішкі су айдыны — (Каспий теңізін есептемегенде) Қазақстандағы Балқаш көлі болып қалды. Бірақ, экологтардың болжамы бойынша, бұл көлдің де демі үзілуге таяу. Арал теңізінің тартылуы 40 жылға созылса, Балқаш көлі нәбәрі 5-6 жылдың ішінде жекелеген тоған-суларға айналуы мүмкін. Бұған да себеп біреу – көлге келіп құятын өзен суларының бақылаусыз жұмсалуы.
Ащы-тұщысы аралас 600 шақырым
Жер бетіндегі көл біткеннің арасында 15-орынға ие Балқаш көлінің ауданы 16 мың шаршы шақырым. Шығыстан батысқа 600 шақырымға созылып жатқан көлдің бірегейлігі сол, көлдің батыс бөлігінің суы – тұщы, ал шығыс бөлігінің суы – ащы. Шын мәнісінде, Балқаш көлі екі су айдынынан тұрады. Екі су айдыны бір-бірімен енсіз, тереңдігі 5-6 метрлік Ұзынарал бұғазы арқылы қосылады. Көлдің шығыс бөлігімен салыстырғанда таяз әрі кішірек батыс бөлігіне Іле өзені келіп құяды. Балқашқа құятын судың 75 пайызы осы Іле өзеніне тиесілі. Тұщы су ащы судан жеңіл, сондықтан көлдің бетіне жақын жайлайды. Осылайша шығыс бөлігіне тұщы су ағып өтіп, буланады. Ал, тұзды су бұғаз тереңдігінің деңгейінен төменде орналасқандықтан батыс бөлігіне өте алмайды.Іле-Балқаш алабында Қазақстан халқының 3 миллионнан астамы, яғни бестен бір бөлігі қоныстанған. Мұнда республиканың ең ірі қаласы – Алматы орналасқан. Аймақта Қазақстан өндірістің қуатының 20 пайызы шоғырланған. Ал, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы барлық энергожүйелерінің жұмысы осы Іле өзеніндегі су қорының молдығына тікелей тәуелді.
Балқаштың мәселесі өткен ғасырда Іле өзені бойынан Қапшағай су қоймасының құрылысы аяқталғаннан кейін, 70-жылдарда басталған. Кеңестік биліктің ойға алған жоспары бойынша, су қоймасының салынуы 400 мың гектар жаңа жерді ауылшаруашылығына пайдалануға енгізуге мүмкіндік беруі керек болатын. Бірақ, алып бөгеттің салынуы мен су қоймасын суға толтырудың салдары бір мезетте өзендегі су деңгейінің төмендеуіне және ондағы су тұздылығының артуына алып келді. Іле өзенінің көптеген салалары тақыршақ сортаңдарға айналды. Көлдегі балық саны күрт азайды.
Балқаш қаласы мен көлінің көрінісі, 1979 жыл. Фото: ТАСС
Қазір көлдің су деңгейі соңғы жылдар бойына үздіксіз төмендеу себебінен 341 метр. Су деңгейінің бұдан ары төмендеуі, яғни теңіз деңгейінен 337 метрге төмен түсуі, Ұзынарал бұғазының кебуіне әкеледі. Бұл дегеніңіз, шығыс Балқаштың бірте-бірте жойылуын білдіреді. Осылайша, шығыс Балқаш та Аралқұм секілді құлазыған тұзды шөлге айналады. Нәтижесінде, экологтардың болжамына сенсек, Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы барлық өзен-суы жүйелері бұзылады. Шаңды дауылдар Алатаудың тау бөктерінің жоғарғы тұсына дейін жетіп, мұздақтар еріп бастайды. Алматыны сел басады.
Қытайға керегі....
Егер, бар мәселе Қапшағай су қоймасына ғана тіреліп тұрған болса, онда Қазақстан билігі бір шешімін тауып, көлді сақтап қалар ма еді?! Бірақ, өкінішке қарай, бұл Қазақстан билігінің ырқына көндігетін шаруа емес. Өйткені, Іле өзені суының негізгі бөлігі көршілес қытайлықтардың кесірінен Балқаш көліне жетпейді. Іле өзенінің қайнарлары Тянь-Шань тауларының Қытай Халық Республикасы аумағындағы бөлігінен бастау алады. Іленің жалпы ұзындығының 40 пайызы, яғни 600 шақырымға жуығы ҚХР-аумағында. Сондай-ақ, өзен суының 80 пайызы сол жақтан келеді.Бейжің билігі 2000 жылы Батыс Қытай – Синьцзяньды жаппай игеру стратегиялық жобасын бекітті. 2000-2002 жылдар аралығында аймақтың экономикалық өсім деңгейі 8 пайыз төңірегінде болса, 2006-2009 жылдары бұл көрсеткіш 12 пайызға жетті. Синьцзяньның халық саны 2000 жылдан 2010 жылға қарай төрт миллион адамға ұлғайды. Адам санының осылайша күрт өсуі, негізінен, қытайларды елдің басқа аймақтарынан осында көшіру есебінен жүзеге асты.
Қуаң даланың өндіріс қуаттылығын, ауылшаруашылық жерлері мен саны күрт артқан халқын сумен қамтамасыз ету үшін Қытай билігі Іле өзені алабында ондаған жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Мұндай жобалардың қатарында гидротехникалық станциялар да бар. Бұған қоса, 2015 жылы осы аймақтағы суармалы жерлердің ауданын 600 мың гектарға жеткізу жоспарланған. 2012 жылғы деректер бойынша, Қытай үкіметі Іле өзені бойынан 13 су қоймасын салып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы орнатқан. Осылайша, Қазақстанға жылына ағып келетін өзен суының 15 мың текше метрін алып қойып отыр. Қазір Қытай Халық Республикасы Іле өзенінен Тарым шөлді ойпатының батыс бөлігіне баратын су арнасының (канал) құрылысын жүргізіп жатыр. Тарым ойпатын Қазақстанда «түбі жоқ қалта, Орталық Азияның сужұтар құбыжығы» деп те атайды. Сөйте тұра Қытай билігі көп жағдайда суды игеруге қатысты өз жоспарлары жөнінде көршілерімен санасуды білмейді.
Сарапшылардың бағалауынша, қытайлық жобалардың барлығының жүзеге асырылуы 2050 жылға қарай Іленің Қазақстанға келетін су қорын 40 пайызға төмендетіп, Балқашты апатты жағдайға алып соғады. Жылдан жылға Қытайдың өндіріс орындарынан Ілеге тасталатын қалдықтардың мөлшері ұлғайып, онымен ластанған өзен суының сапасын да әсте ұмытуға болмайды. Ілеге қалдық тастайтын Қытайдағы өндіріс орындарының денін мұнайөндіруші және мұнайөңдеуші кәсіпорындар құрайды.
Қазақ ондатрасын құтқару
2001 жылы Қазақстан мен Қытай: трансшекаралық өзендерді рациональды қолдану бойынша екіжақты келісімге қол қойды. Алайда, ол құжат бүгінде ескіріп, трансшекаралық өзендерді қолдану тәртібінің халықаралық нормаларына сай келмейді. 2007 жылы Астана тарапы Бейжіңге Қазақстаннан ҚХР-ға азық-түлікті жеңілдікпен жеткізу бойынша онжылдық келісім-шарт жасауды, қайтарымына трансшекаралық Іле мен Ертіс өзендерінің су қорын молайтуды ұсынды. Бірақ, қытайлықтар бұл ұсыныстан бас тартты.Тоқетері, Балқаш көлі мен оның басты қоректендіруші күретамырларының нашарлауы бүгінде дамылсыз жүріп жатыр. Іле алқабындаҚапшағай су қоймасын салынғаннан кейін ондатра кәсібі толығымен тоқтады. Бұл аңды өткен ғасырдың 40-жылдарында Канададан осында әкеліп, жерсіндірген еді. Жылына 1 миллионға дейін ондатра терісі алынатын. КСРО құлағанға дейін ел аумағында ауланатын сазан балығының тең жартысын беріп отырған Балқаштағы балық аулау кәсібі де күрт қысқарды.
Балқаш көлі жағалауындағы зауыттар. Фото: flickr.com
Түрлі бағалауларға қарағанда, Іле-Балқаш алабының ластануынан, шөлге айналуы мен өзен сағаларының сорлануынан 1941 жылдан 2001 жылға дейін Балқашта ауланатын балық көлемі 80 пайызға қысқарған. Өткен ғасырдың ортасында Балқаштан ауланатын балық мөлшері кейбір жылдары жылына 17 тоннаға дейін жетіп, КСРО аумағындағы басқа көлдерден ауланатын балық көрсеткішінен асып кеткен. Байқал көлінен ауланатын балық мөлшерінен екі есе артық болған.
Қытаймен келісімге келу және Қапшағай су қоймасы мәселесін шешу мүмкін болмай отыр. Қазақстан билігі Солтүстік Аралды құтқаруда тәжірибе жинап, әккі болып алғаннан кейін де Балқашты сақтап қалудың басқа да тәсілдерін іздестіріп жатыр. 2014 жылдың қараша айының басында жаңа дренажды каналдың құрылысы аяқталды. Бұл дренажды канал арқылы Қаратал өзенінің суы Балқашқа құяды. Балқаш көліне құйылатын судың 20 пайызға жуығы осы өзеннен беріледі. Бұрындары Қаратал өзені арнасының жырылуынан ондағы су құмға сіңіп, батпақта қалып қоятын.
Әйткенмен, бұл күш-жігердің барлығы да әзірге тек жергілікті сипатқа ғана ие. Халықаралық қауымдастық араласып, Қытайдың суға деген тәбетіне қандай да бір жолдармен ықпал етпесе, онда таяп қалған дүлей апаттың алдын-алу туралы сөз қозғаудың өзі қиын.
slon.ru сайтындағы мақаладан қазақ тіліне аударған —